Жария ету


Маңғыстау облысында  мүлікті жария ету науқанының жүрісі

   2014 жылдың 30 маусымдағы мемлекет басшысымен қол қойылған «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы 2014 жылдың 1 қыркүйегінде күшіне енгені белгілі. Мүлікті жария ету әлемнің озық мемлекеттерінде бар тәжірибе. Отандық экономиканың дамуына зор серпін берер бұл науқан 2014 жылдың 1 қыркүйегінде басталып, 2016 жылдың 31 желтоқсанында аяқталу көзделген.

      Мүлікті жария ету дегеніміз – бұл табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген не тиісті емес тұлғаға ресімделген мүлікке қатысты құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі. Негізгі мақсаты –заңдастырылған капитал түрінде экономикаға қосымша қаражат тарту. Бұл науқан қолданыстағы мүлікті жария етуге және заңды айналымға шығаруға мүмкіндік береді. Заңда белгіленген тәртіп бойынша, мүлкін жария етуге Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға қатысуға толық құқығы бар. Сондай-ақ заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде орналасқан мүлікті жария етуге болады.

       Маңғыстау облысында  2016 жылдың 22 шілде жағдай бойынша мүлікті жария етуге құны 15,2 млрд.теңгені құрайтын 734 өтініш түсті. Оның ішінде тұрғын нысан – 239, тұрғын емес нысандары – 490, құнды қағаз – 2, ЗТ қатысу үлесі - 3. Құны 10,2 млрд.теңге құрайтын 519 өтініш бойынша мүлікті жария етуге шешім қабылданды, соның ішінде тұрғын нысан – 174, тұрғын емес нысандары – 343, ЗТ қатысу үлесі - 2. Комиссия 196 өтінішті (4,5 млрд.теңге) қараусыз қайтарса, 19 өтінішті әлі де қарау үстінде. Өтініштерді иелеріне қайтару себебі – тиісті құжаттардың толық болмауы, не құжаттардың заңнама талабына сай келмеуі болып табылады. Сонымен бірге, облыстық мемлекеттік кірістер органдарына мемлекет аумағынан тыс орналасқан ақша қаражаттары мен мүліктерді жария ету туралы келіп түскені 8 өтініш, оның 7 өтініші бойынша жария ету туралы шешім қабылданды. Жалпы, мемлекеттік кірістер органдары арқылы жария ету рәсімдерін оңтайлаудың есебінен жария етілген ҚР-нан тыс орналасқан ақша қаражаттары мен мүліктер 1,6 млрд. теңгені құрайды.

     Мүлікті жария ету акциясы тұрғындар үшін де, ел экономикасы үшін де пайдалы (ұтымды). Осыған байланысты, Маңғыстау облысының тұрғындарын, мүлкіңізді заңды айналымға еңгізуге берілген мүмкіндікті пайдаланып, мүлікті жария етуге белсенді атсалысуға шақырамыз.

     Жылжымайтын мүлікті жария ету бойынша өтініштер қала және аудан әкімдіктерінде құрылған арнайы комиссия қабылдайды, ал шет елдегі мүлікті және ақшаны жария ету өтініші мен декларацияны мемлекеттік кіріс департаменті қабылдайды.